Қазақстанда бүгін «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» күні. Жылдағы дәстүр бойынша ұлттық ғашықтар күні елімізде 15 сәуірде аталып өтеді, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі
Елімізде бұрын ғашықтар күнін көпшілік 14 ақпандағы «Әулие Валентин» күнімен байланыстыратын. Десе де, соңғы жылдары ғашықтар мерекесін «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» күнінде тойлап кең тарап келеді. Мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы мен Баян күнін атап өтуді алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған болатын.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу - шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген ғашықтар. Сарыбай мен Қарабай аң аулап жүріп құдаласады. Бірақ, аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай баласын көре алмай қаза болады. Уақыт өте, Қарабай "қызымды жетім ұлға бермеймін" деп, бір кездері отарын жұттан құтқарған Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың қосылуын қаламаған Қодар айласын асырып, Қозыны өлтіреді. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян Сұлу өш алу үшін қулыққа басады. Ол Қодарға құдықтан су алып берсе, оған күйеуге шығатынын айтады. Қыздың сөзіне сенген Қодар оның бұрымынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, Баян бұрымын кесіп тастайды. Осылайша, Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап өледі. Содан кейін Баян ғашығы жатқан күмбезге келіп, өз-өзіне қол жұмсайды. Қозы Көрпеш — Баян Сұлу эпосы – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырлайды. Лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасы тұсында қағазға түсірілді.
Белгілі жазушы, драматург Ғабит Мүсіреповтің осы аттас пьесасы бар. Баян Сұлу – Қозы Көрпеш трагедиясы алғаш рет 1940 жылдың 29 сәуірінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанды. Ал 1992 жылы Асанәлі Әшімов түсірген "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу" кинокартинасы шықты.