18+

Петропавлда жатақханалардың бірінен өрт шықты

Ашық дереккөзден алынды

Облыс орталығында тағы бір жатақханадан өрт шықты. Оқиға кеше түнде  Тоқсан би көшесі 84 мекенжайында орын алды.  Құтқарушылар 115 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.

- 15 сәуірде сағат 23:39 - да 101 нөміріне жатақхана дәліздерінде қатты түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті, - деді СҚО ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының бастығы Олжас Жүніс. – Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметінің мамандары бірден шықты. Келгеннен кейін ғимараттың барлық бес қабаты түтінге оранғаны анықталды.

Өрт жатақхананың бірінші подъездің кіреберісінде орын алған. Тілсіз жау 7 шаршы метр аумақты қамтыды.

- Жатақхана кіреберісінің жанында жеке кіреберісі бар тамбур орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, ол жабық және пайдаланылмаған. Бірақ,тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың бас қосатын орны болыпты. Олар сол жерді қоқысқа толтырған сыңайлы – деді Олжас Жүніс.

Құтқарушылар жатақханадан 115 тұрғынды, оның ішінде 42 баланы эвакуациялады. Төрт адамнан тұратын отбасыны арнайы техниканың көмегімен төртінші қабаттан құтқаруға тура келді. Өйткені оларды баспалдақпен алып шығу мүмкін болмапты.

Өртті сөндіруге жеке құрамның 20 маманы жұмылдырылды. От 37 минуттан кейін ауыздықталды. Тілсіз жаудан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі әлі белгісіз, болжам бойынша - калориясы аз от көзі болуы мүмкін.

Тағы да оқыңыздар: Петропавлда №1 орта мектеп карантинге жабылды