Солтүстік Қазақстанда 16 бизнес нысаны «Ashyq» жобасын қолданады. Тағы 13-і тестілік режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір қосымшаны енгізген кәсіпорындар мен мекемелер үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылуда, жұмыс уақыты мен отыратын орындар саны артуда, деп хабарлайды. 7152.kz тілшісі.
Кеше облыс орталығында мекемеге «сары»мәртебеде келген алғашқы құқық бұзушы анықталды. Яғни бұл адам коронавирус инфекциясымен ауырған адаммен байланыста болған.
- Кеше қоғамдық тамақтану объектілерінің бірінде инфекция жұқтырған адаммен байланыста болған адамды анықтаудың бірінші фактісі тіркелді,- деп хабарлады СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова. – «Сары» және «қызыл» мәртебесі бар келушілерге мекемеге кіру мүмкін емес, олар бірден бас мемлекеттік дәрігердің қаулысының талаптарын бұзғаны туралы ескертіледі. Мен барлығын 30 сәуірдегі № 18 бұйрықты оқуға шақырамын. Онда рұқсат етілген және тыйым салынатын жәйттер қысқа да нұсқа жазылған
Мамандар бүгіннің өзінде қосымшаның базасы арқылы бұл адамның кім екені белгілі болатынын, оның ЖСН-і мен тұрғылықты жері анықталатынын атап өтті.
-Оған қаулының талабын бұзғандығы және оған бірінші рет ескертілгені туралы SMS-хабарлама келеді. Қайталап бұзған жағдайда ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деді Горлова.
Мәселен, Алматыда өткен аптада «Ashyq» қосымшасының арқасында, бір тәулік ішінде «қызыл» мәртебесі бар азаматтардың халық көп жиналатын орындарға баруға тырысқан 200-ге жуық факті анықталды.
Тағы да оқыңыздар: Ақжар ауданында шунгит өндіреді