Бүгін жер-жаһандағы барлық мұсылман қауымы үшін ұлық мереке - ораза айт басталды. Рамазан айынан кейін басталатын Ораза айт мейрамы үш күнге созылады, бұл күндері қазақстандықтар демалмайды, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
Мұсылман әлемі отыз күн оразадан кейін Шәууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Ораза айт мерекесі айт намазын оқумен басталды. Айт намазы мешіттерде таңертең ерте жамағатпен оқылды. Әр мұсылман айт намазына жуынып-шайынып, дәрет алып, ең әдемі әрі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп барады. Сонымен қатар, мешітке бармас бұрын бір-екі құрма жеп, дәм ауыз тиген абзал. Бұл оразаның аяқталғанының белгісі.
Биыл пандемияға қарамастан айт намазын мешіт аулаларында оқуға рұқсат етілді. Тек барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуы шарт.Петропавлдың орталық мешітінде де айт намазы оқылды. Жиналған жамағат мешіт ауласында сәждеге бастарын иіп, дұға- тілектерін айтты.
Ораза айттың таңында сәресі ішілмейді, күндіз ауыз ашық болады. Бұл күні дастарқан жайып, дәмнен ауыз тиетін күн болғандықтан, Ораза айттың бірінші күні ауыз бекітуге тыйым салынған. Рамазан айынан қалған қаза оразаны айттың екінші күні, яғни 14 мамырдан бастап ұстай беруге болады.
Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне "Ораза айт қабыл" болсын" деп жылы лебіздерін білдіреді. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады.
Тағы да оқыңыздар: Хабарсыз кеткен ауыл мұғаліміне іздеу жарияланды