18+

Ұлттық халық санағының алғашқы кезеңіне 246 адам тартылады

Ұлттық халық санағының 1-ші кезеңі басталды. Маусым айының 1-нен 30-на дейін мамандар барлық үйді аралап шығып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ал, қыркүйектің 1 мен қазанның 15-і аралығында өтетін 2-ші кезең он-лайн форматта жүзеге асырылады.Бұл туралы ҚР Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаментінің мамандары брифингте айтты, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.  

1-ші кезеңде интервьюер өзіне бекітілген учаскені аралап, үйлердің тізімін құрастырып, әрбірінде тұрақты тұратын халық санын нақтылайды. Картографиялық материалға қажетті өзгерістер енгізеді. Ал 2-ші кезеңде базаға енгізілген адамдар арнайы жүйеге өз мәліметтерін енгізеді.

Санақ объектілері бойынша деректер электрондық базаға енгізілетін болады. Бұл жұмысты интервьюер электронды құрылғының көмегімен жүзеге асырады. Осы мақсатқа облысқа 200-ге жуық планшет бөлінді. Планшеттерді пайдалана отырып, халық санағын өткізу үшін «Аудандастыру» деген ақпараттық модуль әзірленген. «Аудандастыру» автоматтандырылған жұмыс орныүшін негіз ретінде «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесі алынған, себебі бұл жүйеде барлық тұрғын, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайлары қамтылған,- дедіҚР Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің басшысы Марал Нұржауыпова

2-ші кезең 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында on-line режимінде өткізілмек. Жоспар бойынша бұл кезде облыстың әр тұрғыны өз бетінше sanaq.gov.kz сайтында өзі үшін, сондай-ақ отбасының барлық мүшелері үшін сауалнамадан өтеді. Оны мобильді телефон, дербес компьютер, планшет арқылы өтуге болады, сауалнама аяқталысымен әрбір отбасы мүшесіне SMS хабарлама келеді, оны сақтау қажет. Кейін 1-30 қазан аралығында халықты жаппай аралау өтеді. Санақтан онлайн өтпегендерге интервьюерлер көмектеседі. Ұлттық санақты өткізу үшін 3 адамнан тұратын бөлім құрылған және еңбек шарты бойынша санақ жөніндегі 47 уәкіл қабылданған. Бұдан басқа СҚО-да ұлттық санақтың бірінші кезеңін өткізуге 246 нұсқаушы-бақылаушы мен интервьюер қабылданған. Олардың әрқайсысы орта есеппен 1 200 үйді және өз учаскесіндегі басқа да нысанды аралап шығуы тиіс. Бұл қызметкерлерге 83 мың теңге еңбекақы төленбек. Екінші кезеңді өткізуге қосымша 742 адамды тарту жоспарланған. 2 кезеңде бір интервьюер 833 адамды тіркеуі қажет болады.

Соңғы рет елімізде халық санағы осыдан 12 жыл бұрын яғни 2009 жылы өткізілді. Оның қорытындысы бойынша СҚО-ның халық саны 596 535 адамды құрады. 237 436-сы Петропавлда, қалған 359 мыңы ауылды жерлерде тұрған.

Тағы да оқыңыздар: Боранды күні інісін құтқарған жігіт марапатталды