Петропавлда үлкен теннис үйірмесіне балалар тегін қабылданып жатыр. Өңірде спорттың бұл түрін дамыту үшін шетелден арнайы жаттықтырушылар алынды, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
Петропавлда үш жыл бұрын ашылған теннис орталығында 250 адам тенниспен айналысса, соның 170-і бала. Үлкен теннис – қымбат спорт түрлерінің бірі. Үйірмелердің ең арзаны 6 мың теңгеден басталады. Бірақ мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Енді тенниспен айналысатын жасөспірімдердің қатары арта түспек. Маусым айынан бастап орталықта үлкен теннис үйірмесі балалар үшін тегін.
-Орталықта 5 жастан 17-ге дейінгі балалар жаттығады. Айына екі рет қалалық турнирлерді өткізіп тұрамыз. Жеңімпаздарды республикалық жарыстарға жіберіп тұрамыз. Биыл Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында турнирлерде болдық. Ол үшін дене шынықтыру және спорт басқармасынан қаражат бөлінген. Қазір балаларды тегін қабылдаймыз. Ол үшін ата-ана бізге хабарласып, өтінім қалдыруы қажет, - дейді теннис орталығының директоры Алик Есімов.
Теннис орталығының 7 корты бар, оның үшеуі ішінде, 4-еуі далада орналасқан. Балалармен Өзбекстаннан арнайы шақыртылған жаттықтырушылар жаттығады.
Тағы да оқыңыздар: Петропавлда жүк көлігі аударылып, электр желісіне зақым келтірді