Оңтүстіктен қоныс аударған отбасылар үшін салынған үйлердің құрлысының сапасыз жүргізілгені үшін Айыртау мен Есіл ауданы әкімдері қызметтерінен босатылды. Бұл туралы өз парақшасында Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
-Мемлекет басшысы биылғы 24 мамырда «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Заложники равнодушия» атты мақалада көтерілген мәселе бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берген еді. Мақалада Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлерден көшіп келушілерге арнап салынған тұрғын үй сапасының нашарлығы туралы сөз болған.Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша мақалада келтірілген деректер расталды. Үкімет пен облыс әкімдігі анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарымен айналысуда. Аталған бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарында олқылықтарға жол бергені үшін Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметтерінен босатылды,- деп жазды Берік Уәли.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру жөніндегі облыстық басқарманың басшысы, сондай-ақ, бес ауданның әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Тағы да оқыңыздар: Полицейлер күнде кем дегенде 4 мас жүргізушіні анықтайды