18+

Дәурен Абаев: қоныс аударушылар да жаңа ортаға бейімделіп, интеграцияға түсу керектігін түсінгені абзал

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» сұхбатында Айыртау және Есіл аудандары әкімдерінің қызметінен алынуына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды 7152.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Заложники равнодушия» атты мақалада айтылған мәселеге назар аударып, тексеру қорытындысы бойынша оңтүстік өңірлерден қоныс аударғандарға дұрыс жағдай жасамаған екі ауданның әкімі қызметінен босатылған еді. Дәурен Абаев сұхбат барысында бұл шара аталмыш келеңсіздікке қатысты президент қабылдаған шешімнің бір бөлігі ғана екенін атады.

-Жалпы сіз айтып отырған мысалды «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өмірде іске асуы деп айтуға болады. Бірақ әкімдерді қызметінен алу – мемлекет басшысының бұл келеңсіздікке назар аударуының бір бөлігі ғана. Әрине, шенеуніктерді жазалап, жұмыстан алу журналистер үшін әрқашан тартымды ақпараттық себеп екенін білесіз. Бірақ мұның артында басқа да жұмыстар жатыр. Президент еңбек тапшылығы бар өңірлерден халықты көшіру ісінің сапалы атқарылуын тапсырған болатын, - деді Абаев.

Дәурен Абаев бұл бағдарламаның мақсаты Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жою екенін еске салды.

-Бұл жұмыс жоспарлы түрде, науқаншылдыққа салынбай, сан қуалап кетпей іске асуы керек. Қоныс аударушыларға жағдай жасау қажет. Бұл – аксиома. Бірақ қоныс аударушылар да жаңа ортаға бейімделіп, интеграцияға түсу керектігін түсінгені абзал. Тек әкімдікке шағымдана бермей, өз тағдыры үшін жауапкершілікті өз қолдарына алуы керек. Көбі сұрап жатыр. Аудан әкімдеріне неге қатаң жаза қолданылды? Оны да оңай түсіндіруге болады. Өйткені бұл бағдарлама адамдардың тағдырымен байланысты, - деді ол.

Тағы да оқыңыздар: Айыртау ауданында жабайы үйректер құс тұмауынан қырылып жатыр