Облыс криминалистері қылмысты ашуда тың әдіс – теріде қалған саусақ іздерін анықтауды меңгерді, деп хабарлайды 7152. kz тілшісі.
Жедел-криминалистикалық басқарманың қызметкерлері елімізде алғашқылардың бірі болып теріден саусақ іздерін анықтау және алу әдістемесін игерді.
-Теріде қалған саусақ ізін анықтау үшін химиялық реактивтер қолданылады. Химиялық заттардың әсері бөтен адамның саусақ іздерін анықтауға мүмкіндік береді. Олар арнайы металл пластинаға көшіріледі. Бұл жаңашылдық адам өлтіру, тонау, қарақшылық, зорлау сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстарды, яғни қылмыскер мен жәбірленуші арасында физикалық байланыс болатын қылмыстар ашуға мүмкіндік береді, - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин.
Жаңа әдістемені жұмысқа енгізуге химия бойынша білімі бар тәжірибелі криминалист, полиция майоры Александр Хлевов белсенді атсалысты. Зерттеулерге волонтер ретінде жедел-криминалистикалық басқарманың қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, криминалистер мәйіттерде зерттеулер жүргізу үшін мәйітханаларға барған. -Екі айға созылған тынымсыз еңбек өз жемісін беріп, біз оң нәтижеге қол жеткіздік. Тірі адамдар мен мәйіттердің терісінде қалған саусақ іздерін анықтай бастадық, бұл - шағын фрагменттерден бастап, жеке адамды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс бұрыннан белгілі, алайда қолдануда қиындықтар туындаған, сондықтан кеңінен пайдаланбаған. Әдісті жұмыста пайдалана алатындай етіп жетілдірдік. Аталған жаңашылдықты облыстық басқарманың қызметкерлері игерді және аумақтық бөліністерге енгізіледі, - дейді СҚО полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқарманың бастығы Игорь Семенов.
Тағы да оқыңыздар: Петропавл тұрғынын интернет арқылы алдаған алматылық ұсталды