Коронавирус басталғалы дәрігерлерге көмектесіп, ауруханаларда жұмыс істеген М.Қозыбаев университетінің жоғарғы медицина мектебінің студенттерінің суреттері ілінген фото көрме ұйымдастырылды,- деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
Шыңғыс Дәулетбаев Қозыбаев университетінің жоғарғы медицина мектебінің үшінші курс студенті. Індет басталып, сырқаттар саны көбейген кезде өз еркімен дәрігерлер қатарына қосылуға ниет білдірген. Сөйтіп, жедел жәрдем қызметіне фельдшер ретінде жұмысқа алыныпты. Шыңғыс әлі күнге дейін сонда қызметін жалғастырып жүр.
-Біраз қорқыныш болды. Зерттелмеген вирус. Бірақ, ол біздің міндетіміз. Біз тұрғындардың денсаулығына жауаптымыз. Сондықтан артқа шегінерге жол болмады,-дейді Шыңғыс.
Қиын-қыстау кезеңде жедел жәрдем қызметінде, стационарларда, ауруханаларда Қозыбаев университетінің жоғарғы медицина мектебінің 20 студенті қызмет етті. Сырқаттанған жандардың өміріне араша түсіп, емделіп шығуына көмектескен сол ұл-қыздардың суреттері оқу орнында арнайы фото көрмеге қойылды. Фото көрме 9 шілдеге дейін жалғасады.
Тағы да оқыңыздар:Полицейлер 600-ден астам қаруды жойды