Қашықтан оқыту оқушыларға да, студенттерге де тиімсіз екенін көрсетті. Сондықтан офлайн оқуға шығып, өзін және айналасындағыларды қорғау үшін студенттер мен оқытушылар жаппай вакцинациядан өтуде, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
COVID-19 вакцинациясы ұжымдық иммунитетті қалыптастырады. Kozybaev University Басқарма Төрағасы-ректоры Ерлан Шулановтың айтуынша студенттер де, оқытушылар да вакцина салдырудан қашпайды. Қазіргі таңда барлығы саналы түрде екпе алуда.
-Оқу орны әрқашан ерекше мәртебеге ие, өйткені мұнда адамдар көп, - дейді ректор. - Біз вакцинация өте маңызды екенін білеміз. Бірінші кезекте келесі жылды толыққанды режимде бастауға болады. Басында біз белсенді ақпараттық жұмыс жүргіздік. Университет басшылығы өзгелерге үлгі болу үшін алғашқылардың бірі болып вакцина алдық. Мен вакцинаның екінші компонентін мамыр айында алдым.
Бүгін вакцинациялау жұмыстары қарқын алды. Кез-келген адам университеттің медициналық пунктіне барып екпе салдыра алады. Университет басшылығы вакцина алған студенттер мен қызметкерлері үшін арнайы сыйлық жасайтын болады.
-Университеттің оқытушылары мен қызметкерлері үшін зал мен бассейнге 12 рет тегін кіруге абонемент бөлінеді. Ақылы бөлімде оқитындар үшін де жеңілдіктер бар. Мысалы алғашқы екпе алған мың студенттің ішінде болсаңыз, оқу ақысына 7% жеңілдік және қалғандарына 5% жеңілдік қарастырылған. Оқытушылар мен қызметкерлерге келетін болсақ, абонементтен басқа бірінші 100 адамға 5-7 күн ресми демалыс беріледі, ал уақытқа қарамастан вакцинацияланған қалған қызметкерлерге 3 күн демалыс беріледі, - деді Ерлан Шуланов.
Қазіргі кезде жоғары оқу орнында 1000-ға жуық оқытушы жұмыс істейді және олардың жартысынан көбі вакцинациядан өтті. Студенттер арасында 1000 адам екпе салдырыпты.
Осылайша, егер СҚУ қыркүйекке дейін ұжымдық иммунитетті қалптыстыра алса, онда студенттер бұрынғы оқу режиміне оралады.