Өңірдің жаңа туристік логотипі пайда болды. Ол облыс орталығының кіреберісіне, қала көшелеріне, автобустар мен ғимараттарға салынбақ, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
Шілде айының соңында облыстың 85 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осыған орай, СҚО-да 1-15 шілде аралығында арнайы байқау ұйымдастырылды.
- Байқау негізінен дизайнерлер арасында өтті. Республиканың және басқа елдердің суретшілеріне де мүмкіндік бердік. Кеше нәтижесін шығарып, үздік жобаны таңдадық, - дейді СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдіриісов.
Солтүстік өңірді көпшілік аққайыңдар өлкесі, астықты өлке, өзен-көлдер көп шоғырланған өлке ретінде таниды. . Енді осындай өңірдің ерекшелігін ашатын айшықты белгісі бар.
-Жылқы басы бейнеленген логотип арқылы біз өңіріміздің байлығын, сұлу табиғатын, бай тарихын көрсеттік. Жылқыны алуымыздың себебі – жылқы осы өңірде алғаш рет қолға үйретілген, ол ғылыми дәлелденді. Әр түстің өзіндік айтар ойы бар. Жасыл жалы – өңірдің жасыл желекке оранғанын, қызылдан сарыға қарай берілген түс – күн батып бара жатқандағы бидайы піскен егін алқабын, одан кейінгі көк түс – өңірдің өзен-көлдерге бай екенін көрсетеді, - дейді логотип авторларының бірі Александр Шингуров.
Жаңа логотип облыс орталығының кіреберісіне, қала көшелеріне, автобустар мен ғимараттарға салынбақ.
Тағы да оқыңыздар: COVID-2019 індетін жұқтырғандар саны екі есеге өсті