Коронавирустық инфекцияның таралуы және вакцинация барысы бойынша өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, инфекциялық стационарларда 754 адам ем қабылдап жатса, олардың 320-сы өздігінен демала алмайтын халде, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, тек соңғы 3 аптаның ішінде сырқаттанғандар саны 4,5 есе өскен. Ауырғандар саны 754-ке жетті.
-Облыста 1715 инфекциялық орын бар. 44 %-ға қазір толық. Жансақтау бөлімшелерінде орын саны 2,2 есе артып, бүгінде 115-ке жетті. 48 адам жатыр, 42 %-ға толған. 11 адам өмір мен өлім арасында. Тағы 102-сі кез келген уақытта жансақтау бөліміне түсуі мүмкін, олар қазір қарқынды терапияда. Жалпы СҚО-да инфекциялық стационарлардың толымдылығы республика бойынша жоғары. Бізде ем алып жатқандардың барлығының жағдайы ауыр және аса ауыр. Демікпе, яғни өздігінен дем ала алмау, сатурация 93-тен төмен, өкпенің қабынуы, интоксикация – осындай белгілері болғанда ғана стационарға жатқызамыз. Яғни қазіргі 754 адам өмір үшін күресіп жатыр, - дейді Нұрлан Айманов.
Маманның айтуынша, маусым айының соңына қарай стационарлар тәулігіне 18 адамнан қабылдаса, қазір 92-95 адамға дейін түседі. Стационарда жатқандардың 42-сі бала. Ал,165 бала үйде, дәрігерлердің бақылауында.
Тағы да оқыңыздар:Полицейлер педофилді іздестіруде