Оңтүстіктен қоныс аударған Ғани Ердосов солтүстікте қарбыз өсіруде. Өнімі жаман емес. Есіл ауданының тұрғыны бақшасында қарбызбен бірге қауынды да баптап өсірді, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
Ғани Ердосов Явленка ауылына былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында оңтүстіктен қоныс аударған. Туған жері Түркістан облысында ол 30 жылға жуық бағбандықпен айналысқан екен. Қауын-қарбыз өсіруді жетік меңгерген ол, сүйікті ісін жалғастырып келеді. Жылу сүйгіш өсімдіктер солтүстік өңірде де жақсы өседі дейді. Тек технологиясын білген жөн.
- Тамшылатып суару әдісін қолданған жөн. Ол үшін ұңғыма қаздырамын. Қарбызды 10 күнде бір рет, бірақ шөлі қанғанша суару қажет. Бір түпке орта есеппен 5-7 литр су керек. Аса күтімді де қажет етпейді. Биыл бұл жақта бірінше рет еккендіктен қарбыздың «голланд» сұрыпы және «түрікмен» қауынын таңдадым. Олар осындай ауа райына бейімделген, жақсы жетіледі, - дейді Ғани Ердосов.
Бақшаны күтіп баптауға Ғаниге ұлдары көмектеседі. Екеуі студент болса, екеуі мектепте оқиды.
-Бағбаншылықпен бұрыннан айналысамын. Оңтүстікте менің өз бақшам болатын. СҚО-ға келгеннен кейін өзім білетін іспен айналысуды жөн санадым. Маған бұл жерде өте ұнайды, тамаша. Топырағы құнарлы, бірақ ауа райы салқынырақ. Жаз ыстық болған жағдайда жақсы өнім алуға болады. Биыл аудандық әкімдік ұйымдастырған конкурсқа қатысып, 14 га жерді алдым. Келесі жылы ол учаскеге қауын-қарбыз егемін, - дейді Ғани Ердосов.
Бағбанның айтуынша, Солтүстік Қазақстанда да қарбыз бен қауыннан жақсы өнім алуға болады. Ол үшін қажетті технологияны сақтап, ауа райына бейімделген сұрыпты таңдап, дұрыс суарып, топырақты мезгілінде минералды тыңайтқыштармен байытып отыру керек.
Тағы да оқыңыздар:Жатақханаға тек вакцина алған студенттер ғана орналасады