Ақжар ауданы Горький елді мекенінің тұрғыны ірі қара малдың етінен күйдіргі жұқтырып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
23 тамыз күні Ақжар ауданы Горький ауылының тұрғыны медициналық мекемеге қолының ісіп ауруына байланысты шағымданып барады. Ер адамның қол терісінің түсі өзгеріп, күлдіреп кеткен. Оның айтуынша, түнде қолы ауырып, қара түсті жұқа құрғақ қыртыспен жабылған жара пайда болған. Мамандар бұл белгілерден-ақ оның күйдіргі жұқтырғанын анықтады. Ауыл тұрғыны қауіпті ауруды ЖШС-ның бірінде ірі қара малдың етінен жұқтыруы мүмкін. Шаруашылық қызметкерлерге тамақ дайындау үшін қара мал сойған, ер адам арнайы сою орнында болып, қолғапсыз союға көмектескен. Науқастан ПТР әдісімен зертханалық зерттеулер үшін материал алынды. Нәтижесінде оның күйдіргіні жұқтырғаны расталды.
-Мониторинг аясында СҚО бойынша Ұлттық сараптама орталығы филиалының мамандары зертханалық зерттеу үшін сою орнынан топырақтың 8 сынамасын, суаттан судың 1 сынамасын, мал ұсталған төсемнің 1 сынамасын іріктеп алды. Сынамалар қазіргі сәтте зерттеліп жатыр. Ауырған адаммен байланыста болған 57 адам анықталды. Оларға күнделікті медициналық бақылау орнатылды: 14 күн бойы клиникалық тексеруден өтіп, екі рет термометриямен күнделікті тексеріледі. Байланыста болған әр адамға бақылау парағы ашылып, шұғыл антибиотик тағайындалды. Бүгінге дейін байланыста болғандар арасынан адамдардың денсаулық жағдайына шағымдар түскен жоқ, - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Барлық қажетті эпидемияға қарсы іс-шараларды атқару үшін СҚО СЭБД және облыстық ветеринариялық басқармасы мамандары Ақжар ауданында болды. Инфекция ошақтары дезинфекцияланды. Елді мекенде эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралары қолға алынған. СҚО ветеринария басқармасы бастығының орынбасары Олжас Болыспаевтың айтуынша, ер адамға күйдіргі шаруашылықтың ауру малынан жұққан.
-25 тамыз күні зертханалық зерттеу патологиялық материалдың сынамасында сібір жарасының қоздырғышы барлығын растады. Ауылдық округ әкімі бірден «Ақ-ниет Агро және К» ЖШС жайылымдық алаңын карантинге жапты. Ауруды жоюға арналған кешендік жоспар қабылданды. Инфекцияның ошағын табу үшін су мен топырақтың сынамасы ұлттық орталыққа жіберілді. Әзірге қорытындысы келген жоқ. Жалпы сойылған сиырдан басқа тағы бір ірі қара мал өлді. Тиісті іс-шаралар қолға алынды, - дейді Олжас Болыспаев.
Тағы да оқыңыздар: Коронавирус індетінен көз жұмғандар саны 130-ға жетті