Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында, вакцинациялау бойынша жүргізілетін рейдтердің алгоритмі мақұлданды деп хабарлайды, 7152.kz тілшісі ВАК Telegram каналына сілтеме жасап.
Алгоритм Денсаулық сақтау министрлігі, мүдделі мемлекеттік органдар және «Атамекен» ҰКП-мен әзірленді. Рейд барысында мониторингтік топ бұрын анықталған бұзушылықтардан бөлек, кәсіпорын қызметкерлерінің COVID-19-ға қарсы екпенің бірінші компонентін салдырғаны тексеріледі. Қызметкерлер саны 50 адамнан асатын және ұжымдағы адамдардың 60 пайыздан азы вакцинаның бірінші компонентін салдырған кәсіпорындар тізімі жобалық кеңсенің Вакцинация картасы негізінде жасалады.
МТ рейдін тіркеу тәртібі InfoKazakhstan электрондық платформасында жүзеге асырылады. МТ объектіге шығу кезінде жұмыс беруші екпе алған және вакцинациялаудан босату туралы құжаттары бар қызметкерлерді көрсете отырып, толық тізім (аты-жөні, ЖСН) ұсынады. МТ іріктемелі түрде (қызметкерлер саны 50-ден 200 адамға дейін – қызметкерлердің кемінде 10%-ы, 201-ден 500-ге дейін-кемінде 5%, 501-ден 1000-ға дейін-кемінде 3%, 1000-нан жоғары-кемінде 1%) «ASHYQ» қосымшасы арқылы қызметкерлердің мәртебесін тексереді және жұмыс беруші ұсынған қызметкерлер тізімімен салыстырып тексереді. «Жасылдан» басқа мәртебесі бар қызметкерлер анықталған жағдайда, оның вакцинациясыз жұмыс орнында болу құқығын беретін ақпарат (анықтама) сұратылады.
-Вакцинация тәртібінің бұзылғаны расталған жағдайда МТ нақты осы тұлғаларды көрсете отырып материалдар қалыптастырады және кейіннен шешім қабылдау үшін СЭС органдарына жібереді. Кәсіпорынға (басшыға не өзге уәкілетті тұлғаға) вакцинацияланбаған жұмыскерлерді қызмет объектісіне жіберуді шектеу қажеттілігі түсіндіріледі, - делінген хабарламада.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары МТ-тан келіп түскен материалдардың негізінде объектіге санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы Қаулы береді (жолдайды). МТ Қаулыда белгіленген мерзім ішінде қызметкерлерді жұмыс орындарына негізсіз жіберу фактілерін қайта анықтаған кезде жұмыс берушіні ҚР ӘҚБтК сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралады. Жергілікті атқарушы органдар объектілерге әкімшілік шараларды қолдану нәтижелері бойынша объектінің Ashyq жобасына қатысуын тоқтата тұрады.
Тағы да оқыңыздар: Облыста өткен тәулікте 79 адам КВИ жұқтырды