Тарих беттеріне көз жүгіртсек, Ауған соғысы 1979 жылы басталып 10 жылға созылды. Айтуға оңай, сұрапыл зобалаң, қаншама тағдырды жалмады.
Ауған жерінде сол кезеңде КСРО-ның 620 мыңға жуық, соның ішінде қазақстандық 22 мың адам әскери қызметтерін өтеді. 15 526 адам, соның ішінде – 925 қазақстандық алған жарақаттарымен ауруларынан қайтыс болды. Ауғанстан соғысы Кеңес Одағына ешбір ар-абырой, даңқ әкелген жоқ.
Құрбан болғандардың туыстары мен жақындары үшін бұл қасіретті соғыс 1989 жылы ақпандағы әскерлердің шығарылуымен де аяқталған жоқ. Ол тіпті уақыттың өзі де емдеуге дәрменсіз қансыраған жара болып қалып отыр. Жоғарыда келтірілген деректер Петропавдағы Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінде жеке құраммен ардагерлердің кездесуінде сөз болды.
Тақырыптық кешке Ауғанстан ардагерлер кеңесінің СҚО бойынша төрағасы Эрик Иланұлы Татыбаев, ардагерлер Петр Петрович Цвингер мен Болат Қайролұлы Ережепов қатысты.
Шараның мақсаты Ауғанстан соғысы туралы шындықты жеткізу, жауынгерлер мен жастардың жарқын ұрпағын Ауғанстанда шайқасқан солдаттар мен офицерлердің патриоттық үлгісінде тәрбиелеу, сондай-ақ, соғыс саяси проблемаларды шешудің тәсілі емес екендігі туралы ұғым қалыптастыру.
Өз кезегінде сарбаздар да ардагерлердің құрметіне өздерінің шығармашылық қырларын көрсетіп, өнерлерімен тәнті етті. Кеш соңында бөлім басшылығы аға буын өкілдеріне ізгі лебізін білдіріп, сий-сияпат табыс етті.